11 Шілде 2023
Страницы KZ КГУ «Общеобразовательная средняя школа №9 «Колтоган» отдела развития человеческого потенциала Келесского района управления развития человеческого потенциала Туркестанской области

Мектеп туралы

№9 «Көлтоған» жалпы орта мектебінің тарихы

1930 жылы Көлтоған ауылында артель алғаш рет ұйымдасқан. Артельдің аты «Нұрмақ» аталып оның бастығы болып Исабеков Мұрат сайланған. 1931жылы ауылда (ликбез) сауатсыздықты жою мектебі ашылып, мектепте күндіз жас балалар кешке ересектер оқыған. Мектептегі алғашқы мұғалім Мүсірепов Әбді (ауыл адамдары ол кісіні тыртық тамақ деп атаған.) деген кісі болып, мектеп үшін Жүсіпов Дүйсебайдың үйі пайдаланылған (Жүсіпов Д.Конфискацияға ілініп үйі бос қалған). Сол жылы мектепке барған оқушылар: Бердіқожаев Тұрсынбек, Өтепов Бәкір, Ақаев Әділбек, Мұратов Бейсен, Мұратов Әділ, Мұратов Алтыбай (комсомол ячейкасы хатшысы болған) және т.б. ұмытылып қалған. 1932 жылы «Нұрмақ» атындағы артель колхоз болып қайта құрылып, оның бастығына Исабеков Қалдар сайланған. 1935 жылы ауылда бастауыш мектеп ашылып, мектеп үшін Әлібеков Әбдірахманның үйі пайдаланылған мектеп ауыл атымен «Көлтоған» бастауыш мектебі деп аталған. 1945 жылы «Көлтоған» және Жолбасшы колхоздары қосылып Молотов атындағы колхоз болып, колхоз бастығы Қайрақбаев Қалмырза болған. 1957 жылы Молотов Колхозы аты өзгертіліп, совхоздар құрылуына байланысты Амангелді атындағы бөлімше болды. Амангелді бөлімшесі 1961 жылы Чапаев совхозы құрылуына байланысты, Абай совхозынан Чапаев совхозына еніп, Ауылдық совет Біртілек селолық советі деп аталды. 1936 жылдары Әбілдә би қорғанында бидің үйін және колхозшылар күшімен салынған бірнеше бөлмелерде колхоз кеңсесі, колхоз қоймасы, «Біртілек» ауылдық советі кеңесі және мектеп орналасқан. Ол кезде «Біртілек» ауыл кеңсесіне сол кездегі Игілік, Жолбасшы, Қазақстанның 15жылдығы, Көлтоған барлығы төрт колхоз қараған. Мектепте 1935 жылдары төмендегі төрт мұғалім жұмыс істеген.
1) Орманов Шатай руы қаңлы миям
2) Зиябеков Зұлпаш 1935-40ж. Руы дархан.
3) Орынбаев Әбдіхалық 1935 жылы істеген, руы мамыт.
4) Мырзахметов Әбуәлі 1935-41ж. істеген. Өзі Қызылорданың жігіті еді.
Орманов Шатай алғашқы ұстазы алғашында 7 баламен оқытқан екен. Бұлардан кейін Пошанов Құлмағанбет, Тойбы Бегмановалар мұғалім болған. 1940-41 жылы армияға шақырылғанша мектепте Сұлтанбаев Қалмен мұғалім болып істеген. 1946-49 жылдары Тілегенов Камал мектеп меңгерушісі. «Көлтоған» бастауыш мектебі 1949 жылы жеті жылдық мектепке айналдырылып, оның алғашқы директоры Сұлтанбаев Қалмен тағайындалған. 1951 жылы Пердебаев Әбдірәсіл Бір жылдай директор, кейін қайтадан Сұлтанбаев Қалмен 1952 жылдан 1954 жылға мектепте 1955-60 жылдары директорлық қызмет атқарады. Мектепте директор орынбасарлары болып әр жылдары Тілегенов Камал, Тойымбетов Пердебайлар жұмыс істеген. 1961-1977 жылдары Сүлейменова Анар апай директорлық қызмет атқарды. 1977-2001 жылдары Қалдыбаев Әуелбек директорлық қызмет атқарды. 2001-2010 жылдары Ибраев Мамадияр директорлық қызмет атқарды. 2018 ж Келес ауданы Сарыағаш ауданынан қайта бөлініп, қазіргі таңда мектебіміз №9 «Көлтоған» жалпы орта білім беретін мектебі деп аталады. Қазіргі таңда мектеп директоры қызметін Турсынбекова Қалдыгүл апай атқаруда. Ауылдағы мектептің аты қазір де «Көлтоған» деп аталады.

Жаңалыктар
Пайдалы ақпараттық ресурстар